Бауыржан Сүріпкелов Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінде кезекшінің көмекшісі қызметін атқарады. Жұмыс өтілі үш жыл ғана.
Оқиға болған күні дем алып жатқан полиция сержанты көрші үйдің қызыл жалынға оранғанын байқап қалып, дереу сыртқа ұмтылады. Тиісті орындарға хабар беріп, өзі көмекке асығады. Тәжірибесінің аздығына қарамастан әбжіл қимылдап, отанасын, 10 жастағы қызын және 4 жастағы ұлын үйден аман алып шығады. Жедел күш келгенше көршісі Владимир Храмов екеуі бірлесіп, өрттің әрі қарай өршімеуін қадағалайды.
Бауыржанның ерлігі жайлы хабарды әріптестері кейін естиді. Оған дейін өзі тіс жарып үндемейді.
«Менің орнымда болса, кез келген адам қол жайып, қарап тұрмас еді. Мұндай қысылшаң сәтте көмек беру – бәріміздің азаматтық боршымыз», дейді полиция сержанты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»